Ақпараттық технологиялар – жоғары технологиялы жүйелердің негізінде әр адам өмірінің белгілі бір деңгейін қолдайтын, заманауи қоғамды дамытудың негізгі компоненті болып табылады.

Заманауи ақпараттық және коммуникациялық технологиялар денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, медициналық қызметтер көрсетуде және әлемдегі денсаулық сақтау жүйесін қайта ұйымдастыруда орталық орынды алады. Сонымен қатар, қарапайым дәрігерлер мұндай жаңалықты бірден қабылдай алмады. Алайда, бүгінгі таңда медициналық қауымдастық электрондық денсаулық сақтау саласын қажет деп таниды.

Электрондық медициналық карталар мен электрондық рецептілер, электрондық амбулаторлық карталар және сырқатнамалар жалпы, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, өйткені ол медициналық қызметкерлердің қағазбен жұмыс жасау көлемін айтарлықтай азайтады. Электрондық құжаттама пациенттің бүкіл өміріндегі ақпаратты қамтитын болады: клиникалық бақылануы туралы мәліметтер, оның сырқатнамасы, емделуі туралы ақпараттар, вакцина алуы, тағайындалған дәрілік заттар, аллергиялық әсерлері, ауруының белгілері, денсаулығының жай-күйі және диагностикалық зерттеу нәтижелері.  

Пациент өзінің электрондық медициналық картасына қолжетімді бола алатыны да болжануда, мысалы ол соңғы тапсырған талдама нәтижелерін, диагностикалық зерттеу қорытындыларын жедел түрде көре алады.  Дәрігерлер электрондық рецептілерді тікелей дәріхана желісіне «жазып беріп», жолдап отыра алады. Бұл технология емханалардағы пациенттердің кезекті күту мәселесін айтарлық төмендетеді.  

Телемедициналық технологиялар өңірлердегі медицина қызмекерлеріне қашықтықтан консультациялар беріп, тікелей жұмыс орындарында оқыту жүргізе алады, сондай-ақ әріптестерге жұмыс тәртібіндегі шұғыл мәселелерді жұмыс орнында жедел шешуге мүмкіндік береді.

Электрондық денсаулық сақтау саласының соңғы нүктесі - толығымен өзгертілген құжат айналымы жүйесі және пациенттің медициналық көмек алуға деген қолжетімділігі болмақ, бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасын жақсартады. IT-мамандар бүгінгі таңда электрондық денсаулық сақтау саласында бірнеше бағыт бойынша жұмыс жасауда. Сонымен, республика аумағында онлайн режимінде жұмыс жасайтын 20-дан астам бағдарламалық кешен қызмет етеді, олар барлық медициналық ұйымдарды бірыңғай ақпараттық кеңістікке біріктіреді.

Заманауи технологиялар түрлі бейіндегі медициналық ұйымның жұмыс жасау түрін өзгертеді және оны сапалы түрде жаңа деңгейге көтереді. Электрондық денсаулық сақтау жүйесі медициналық қызмет көрсету тиімділігін арттырады және көбінесе ауылдық жерлерде мүгедектер мен егде жастағы адамдар үшін медициналық көмек алуға деген қолжетімділікті жақсартады. Денсаулық сақтау сияқты маңызды саланың өзіндік ерекшелігі бар және ол технологиялық тұрғыдан шешім жасалғанын талап етеді.

Медициналық қызмет көрсету тіркеу бөлімінен басталады, және ақпараттық технологияларға ауысу – электрондық денсаулық сақтау бағдарламасының маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Бұдан бөлек, электрондық тіркеу – медициналық ұйымдар желісін басқару мен олардың жұмысын жоспарлаудың негізі болып саналады.

Адам кез-келген клиникадағы кез-келген дәрігерге жазыла алады деген қате пікір бар. Еркін таңдау қағидаларына сәйкес, әр қала тұрғыны жылына 1 рет, тек бір ғана белгілі емханаға бекітіле алады, ол жерде Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің Мемлекеттік пакеті шегінде медициналық көмек ала алады.

Арнайы мамандарға тек учаскелік дәрігер арқылы жазып берілген жолдамамен ғана жазылуға болады. Бағдарламаны іске асыру ұлттық денсаулық сақтау саласын басқаруды жетілдіреді деп күтілуде, бұл өз кезегінде медициналық қызмет көрсету сапасының жоғарылауына ықпалын тигізеді.

Денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру электрондық сырқатнама немесе электрондық амбулаторлық карта көмегімен пациентті есепке алуды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Қағаз картотекаларына қарағанда, деректерді енгізу, сақтау және оларды электрондық нұсқада қарау айтарлықтай қолайлы болады. Пациенттің картасын тек дәрігер емес, мейірбике де толтыра алатын болады, сондықтан, электрондық сырқатнаманы енгізу әр пациентке жұмсалатын дәрігердің уақытын қысқартуға жағдай жасайды. Электрондық сырқатнамада есепке алу бойынша барлық ақпарат сақталады: ауру ағымын бақылау, пациентті диагностикалау, емдеу және жасалған операциялары туралы мәліметтер. Денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру электрондық сырқатнамада бөлек файлда пациент туралы толық ақпаратты сақтауға көмектеседі, осылайша пациенттерді есепке алу жүйесі ұқыптырақ және нақты болмақ.  

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар - диагностикалау мен емдеу тәсілдерін, дәрігерлер мен пациенттер арасындағы өзара қарым-қатынасты, емдеу және денсаулықты қалпына келтіру үдерісін өзгерте отырып, заманауи медицинаны дамытудың қозғаушы күші болып табылады.  Медициналық ұйымдардың техникалық жарақтануы, оларда заманауи диагностикалаушы жабдықтың болуы, медициналық персоналдың күрделі жабдықтарды қолдана білу машықтары, сондай-ақ медициналық персоналдың жалпы білім деңгейі электрондық денсаулық саласын жетілдіру мен дамытудағы ұлттық жобаның сәтті болуын  анықтайды.

Медициналық қызмет берушілер, яғни медициналық ұйымдар онлайн режимінде пациенттер туралы және олардың денсаулық сақтау жүйесінде қызмет алу бағыты туралы ақпараттарды, тексеріліп-қаралуы мен емдеу нәтижелері туралы мәліметтер алып оатырады, бұл клиницист дәрігерлер мен менеджерлерге медициналық қызметтер көрсету үдерісін жедел басқаруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде, инфрақұрылымды дамыту және келешекке кадрларды даярлау бойынша өңірлердегі денсаулық сақтау жүйесінің басшыларына уақытылы және тиімді шешімдер қабылдау үшін маңызды.

Осылайша, электрондық денсаулық сақтау саласын енгізу нәтижесінде халықтың медициналық қызметтердің сапасымен қанағаттану деңгейінің өсуі күтілуде, өйткені сол қызметтің «тұтыну сапасы» да арта түспек: қызметтің анағұрлым қолжетімді болуы, кезекте тұру уақытының қысқаруы, маман мен қызметті таңдау мүмкіндігі, сонымен қатар қызмет алу үшін ыңғайлы уақыт таңдау. Амбулаториялық-емханалық медициналық көмек көрсетуге деген осындай тәсіл жасау Электрондық денсаулық сақтау тұжырымдамасын енгізудің заманауи кезеңінде іске асырылады.